
Әлемдегі ең дәстүрлі турнирлердің бірі саналатын Уимблдон турнирі алғаш рет "барлығы ақ түсте" деген киім кодынан ресми түрде бас тартты. Бұл шешім португалиялық футболшы Диогу Жота мен оның інісі Андре Силваның қайғылы қазасына байланысты қабылданды.
Ұйымдастырушылар барлық теннисшілерге қара байлау тағуға рұқсат берді. Бұл — спорт аңызына үнсіз тағзым етудің белгісі.
"Біздің турнир дәстүрмен ғана емес, адамгершілікпен де бағаланады. Бұл — бүкіл спорт әлемі үшін қаралы күн", — делінген ұйымдастырушылардың ресми мәлімдемесінде.
Қаралы шараны алғаш болып қолдаған — жас бразилиялық теннисші Жоау Фонсека. Ол келесі матчына қара галстукпен шығатынын хабарлады.
"Диогу — менің кумирлерімнің бірі. Мен оны құрметпен еске алғым келеді", — деп жазды спортшы әлеуметтік желіде.
Басқа қатысушылар да бұл бастаманы қолдап, қара байлау тағатындарын мәлімдеді. Бұл — халықаралық деңгейдегі құрметтің айғағы
Диогу Жотаға деген құрмет тек Уимблдонмен шектелген жоқ. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі спорт жұлдыздары жол апатынан қаза тапқан футболшыға құрмет көрсетіп жатыр.
Криштиану Роналду былай деп жазды:
"Біз жақында ғана бірге ұлттық құрамада ойнадық, кеше ғана үйлендің. Әйеліңе және балаларыңа көңіл айтамын — сен әрдайым олардың жанында боласың. Диогу мен Андре, жандарыңыз жәннатта болсын. Біз сіздерді сағынамыз".
"Ливерпульдің" бұрынғы бапкері Юрген Клопп та қайғысын жасырмады:
"Жүрегім жаралы. Бұл жағдайдың артында бір терең мән бардай көрінеді, бірақ мен оны таба алмай тұрмын. Диогу — тек тамаша ойыншы емес, керемет дос, адал күйеу, жанашыр әке болатын"
"Әл-Хилал" сапында ойнап жүрген Рубен Невеш — Жотаның бұрынғы әріптесі:
"Адам тек ұмытылған кезде шын мәнінде жоғалады. Мен сені ешқашан ұмытпаймын!"
Лионель Месси, принц Уильям, Леброн Джеймс, Трент Александр-Арнольд, Джейми Каррагер — барлығы да әлеуметтік желіде Диогу Жотаға арналған жүрекжарды естеліктерін бөлісті.
"Порту", "Атлетико", "Вулверхэмптон" және өзге де бұрынғы клубтары ресми түрде қаралы кезең жариялады.
Бұл Уимблдонның шешімі спорттың тек ережелер мен нәтижелерден тұрмайтынын көрсетеді. Нағыз спорт — адамгершілік, бірлік пен құрметке негізделеді.