
Әлемнің бірінші ракеткасы Янник Синнер Цинциннати финалында Карлос Алькарасқа қарсы небәрі 23 минут қана ойнап, өзін жайсыз сезінуіне байланысты матчты жалғастыра алмады. Оның жағдайының нашарлауына вирустық дерт себеп болғаны хабарланды.
Финалдан кейінгі марапаттау рәсімінен соң-ақ Синнер екі күн толық демалысқа шықты.
«US Open – менің басты мақсатым. Қазір бірнеше күн тынығып, күшімді қайтарамын. Егер физикалық та, психологиялық та дайын болсам, барымды саламын» – деді Синнер.
Қазір спортшы қосымша медициналық тексеруден өтуде.
Синнер Цинциннатидегі ойындарын оң тәжірибе ретінде бағалады.
Янниктің айтуынша: «Бұл маусымда өте жақсы ойнап жүрмін, бірақ жетілдіретін тұстарым бар. Әсіресе, алғашқы соққының сапасы мен дәлдігін жақсартуға көп көңіл бөлемін».
US Open турнирі небәрі бес күннен кейін басталады. Алғашқы айналым матчтары 25 тамыздан бастап үш күн ішінде өтеді. Синнердің дебюті дүйсенбі немесе сейсенбіге жоспарланып отыр. Нью-Йорктің ыстығы ойыншыларға оңай тимейтіні анық, алайда алғашқы кездесулер Синнер үшін бабын қайта табуға мүмкіндік болмақ.