Елена Рыбакина өз коллекциясын тағы бір көлікпен толықтыруы мүмкін
Жарыс 8–15 қараша аралығында Калифорниядағы Indian Wells Tennis Garden аренасында WTA қорытынды турнирі өтеді.
Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина соңғы үш маусымда Штутгарттағы Porsche Tennis Grand Prix турнирінде екі рет чемпион атанып, екі бірдей Porsche көлігін жүлдеге алды. Енді оның автокөлік топтамасы тағы бір темір тұлпармен толығуы мүмкін.
Алдағы WTA қорытынды турнирінің жеңімпазына Mercedes-AMG автокөлігі табысталмақ.
Алғашқы Porsche: жеңіс бар, жүргізуші куәлігі жоқ
Рыбакина 2024 жылдың сәуірінде Porsche Tennis Grand Prix турнирінде алғаш рет чемпион атанды.
Жартылай финалда ол Ига Швентекті 6:3, 4:6, 6:3 есебімен жеңіп, поляк теннисшісінің Porsche Arena-дағы он матчтық жеңісті сериясын тоқтатты.
Ал 21 сәуірде өткен финалда Марта Костюкті жеңіп, чемпиондық атаққа ие болды.
Турнир жеңімпазы ретінде Рыбакина ақшалай сыйлықпен қатар Porsche автокөлігін де иеленді. Алайда сол кезде оның жүргізуші куәлігі болмағандықтан, қазақстандық теннисші көлікті өзі жүргізе алмады.
Екінші Porsche-ні өзі жүргізіп шықты
2026 жылғы 19 сәуірде Рыбакина Штутгарттағы турнирді екінші рет жеңді.
Бұл оның WTA турларындағы 13-ші жекелей титулы болды. Сонымен қатар Porsche Tennis Grand Prix қазақстандық теннисші мансабында екі рет жеңген алғашқы кәсіби турнирге айналды.
Бұл жолғы басты автокөлік жүлдесі – Porsche 911 Carrera S Cabriolet болды.
Бұл жолы Рыбакина жеңіп алған Porsche көлігінің рөліне өзі отырып, кортпен жүріп өтті.
Қазақстандық теннисші екінші көлікті де өзінде қалдырып, маусым аяқталған соң пайдалануды жоспарлайтынын мәлімдеді.
Келесі жүлде – Mercedes-AMG
Елена Рыбакинаның үшінші автокөлік ұтып алу мүмкіндігі WTA қорытынды турнирімен байланысты.
Жарыс 8–15 қараша аралығында Калифорниядағы Indian Wells Tennis Garden аренасында өтеді.
Турнир жеңімпазына Mercedes автокөлігі табысталатыны жарияланған. Көрсетілген көліктің интерьері мен дизайнына қарағанда, жүлде Mercedes-AMG SL родстері болуы мүмкін, алайда нақты модификациясы әзірге ресми түрде аталмаған.
Автокөлік Mercedes-Benz Manufaktur арнайы жекелендіру бағдарламасы аясында дайындалып жатыр.
Елена Рыбакина WTA қорытынды турнирінде жеңіске жету тәжірибесіне ие. Қазақстандық теннисші 2025 жылдың қарашасында Эр-Риядта өткен WTA Finals жарысында чемпион атанған болатын.