Әлем чемпионатында жүлде алмаған Жәмила Бақбергенова рейтингте жоғарылады
United World Wrestling (UWW) ұйымы жуырда жаңартылған әлемдік рейтингіні жариялады.
Қазақстандық балуан Жәмила Бақбергенова Астанада өткен әлем чемпионатында жүлде ала алмаса да, United World Wrestling (UWW) ұйымының жаңартылған әлемдік рейтингінде жоғарылады.
72 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін Қазақстан құрамасының көшбасшысы енді төртінші емес, екінші орында тұр.
Көш басында – Виктория Холуй
Жаңартылған рейтингте бірінші орынды польшалық Виктория Холуй иеленді.
26 жастағы спортшы Астанада өткен әлем чемпионатында күміс жүлде алды. Финалда ол қытайлық Зелу Лиге есе жіберді.
Ал әлем чемпионы атанған 25 жастағы Зелу Ли рейтингте екі саты жоғарылап, үшінші орынға көтерілді.
Жәмила Бақбергенова Астанадағы әлем чемпионатында қола жүлде үшін өткен белдесуде жапониялық Махиро Йошитакеге жол берген еді.
Жәмила Бақбергенованың басты жетістіктері
Жәмила Бақбергенова 1996 жылғы 6 қаңтарда Алматы облысы Ұзынағаш ауылында дүниеге келген.
Ол ересектер арасында Азия чемпионатын төрт рет жеңген – 2020, 2022, 2023 және 2025 жылдары.
Сонымен қатар Бақбергенова үш рет әлем чемпионатының финалына шыққан – 2021, 2022 және 2024 жылдары, ал 2023 жылы әлем чемпионатының қола жүлдесін иеленді.
Қазақстандық балуан 2023 жылғы Азия ойындарының финалисі, 2026 жылғы Иван Ярыгин кубогының жеңімпазы, сондай-ақ Мұхамет Малоны еске алуға арналған халықаралық турнирдің екі дүркін чемпионы.