
Таиланд астанасында өтіп жатқан World Boxing ұйымдастырған жастар арасындағы Азия чемпионатында (U-19) қазақстандық боксшы Құралай Егінбайқызы ел қоржынына алғашқы алтын медаль салды.
Құралай Егінбайқызы 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде финалда үндістандық Критика Васанмен қолғап түйістірді. Тартысты өткен жекпе-жекте қазақстандық былғары қолғап шебері төрешілердің бөлек шешімімен жеңіске жетті. Осылайша Құралай Азия чемпионатының алтын жүлдесін иеленіп, Қазақстан тарихындағы бұл турнирдің алғашқы чемпионы атанды.
Критика Васан күміс жүлдемен шектелсе, Құралай Егінбайқызының жеңісі елдің медаль қорын байытты. Жалпы U-19 құрамасынан жеті боксшы “алтын” үшін айқасып жатыр.
Бұл чемпионат — U-19 және U-22 жас санаттары бойынша өткен, World Boxing ұйымы ұйымдастырған тұңғыш құрлықтық жастар жарысы. Бангкоктағы бәсеке Азия бокс тарихында жаңа дәуірдің бастауы болып отыр.