Қазақстандық боксшы қарсыласын бірінші раундта нокаутқа жіберді

Спорт шолушысы

Ташкентте өтіп жатқан бокстан жастар арасындағы (U15, U17) Азия чемпионатында қазақстандық спортшы Аян Бауыржан жеңіске жетті.

Қазақстандық боксшы қарсыласын бірінші раундта нокаутқа жіберді
ҚБФ

70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Аян Бауыржан ширек финалда үндістандық Мехул Ранамен кездесті. Жекпе-жек ұзаққа созылған жоқ , қазақстандық боксшы қарсыласын бірінші раундта-ақ нокаутқа түсірді. Жекпе-жек барысында үндістандық спортшы екі рет нокдаунға түсті. Осыдан кейін төреші кездесуді мерзімінен бұрын тоқтатуға шешім қабылдады. Бұл жеңіс Аянға жартылай финалға жолдама беріп қана қоймай, кем дегенде қола медаль алуға мүмкіндік береді. 

Жалпы нәтижелер

Құрама спортшыларының бүгінгі нәтижелеріне тоқталсақ:

  • Рауан Тоғызбай (61 келі) ирандық спортшыны жеңіп, жартылай финалға шықты;
  • Бақдаулет Ахмет (49 келі) 1/8 финалда үндістандық қарсыласына жол берді;

Ал Әділет Галиев (54 келі) пен Әлібек Алпамыс (80 келі) үндістандық ойыншылармен және Сабыржан Сағым(80 келі) салмақта өзбекстандық боксшымен жұдырықтасады. Ташкенттегі Азия чемпионаты соңғы жылдардағы ең ірі жарыстардың бірі. 3-15 мамыр аралығында өтіп жатқан турнирге Азияның 21 елінен 460-тен астам жас боксшы қатысуда. Сайыс Asian Boxing ұйымының қолдауымен ұйымдастырылуда.