Мейірім Нұрсұлтанов АҚШ-тағы жекпе-жекке дайындықты бастады (ВИДЕО)
Қазақстандық кәсіпқой боксшы маңызды жекпе-жегіне қызу дайындалып жатыр.
Лос-Анджелестегі жаттығу
Қазақстан бокс федерациясының атқарушы директоры Рауан Игенов Instagram парақшасында Нұрсұлтановтың жаттығуынан бейнежазба жариялады. Видеода WBC нұсқасы бойынша орта салмақта бірінші орында тұрған қазақстандық боксшының физикалық дайындық лагерінде жұмыс істеп жатқаны көрінеді.
Мейірім Нұрсұлтанов АҚШ визасын сәтті рәсімдеп, 1 мамыр күні Лос-Анджелеске барған. Бұған дейін боксшы америкалық тараптан бірнеше рет виза ала алмағанын айтқан.
Қазір ол WBC тұжырымы бойынша орта салмақтағы чемпиондық белбеуге міндетті үміткер саналады. Бұл салмақ дәрежесінде әлем чемпионы — доминикандық Карлос Адамес. Оның кәсіпқой бокстағы көрсеткіші: 24 жеңіс, 1 жеңіліс, 1 тең нәтиже, 18 нокаут.
Танымал Камачо бауырлары көмектесуде
Нұрсұлтановтың АҚШ-тағы физикалық дайындығына белгілі мамандар — Кристофер және Дарио Камачо жауапты. Камачо бауырлары бұған дейін әлемдік деңгейдегі боксшылармен және UFC жұлдыздарымен жұмыс істеген.
Олардың шәкірттері қатарында UFC Даңқ залының мүшесі Хабиб Нурмагомедов, бұрынғы чемпиондар Даниэль Кормье мен Кейн Веласкес бар. Сонымен қатар Кристофер мен Дарио Камачо Геннадий Головкиннің де дайындығына қатысқан.
Айта кетейік, Камачо бауырлары ара-тұра Қазақстан бокс құрамасының оқу-жаттығу жиындарына да шақырылып тұрады.