Батыр Жүкембаев Ташкенттегі айқас алдында жанкүйерлерге үн қатты
Отандасымыз 6 маусым күні Шохжахон Эргашевпен қолғап түйістіреді.
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Батыр Жүкембаев Ташкентте өтетін жекпе-жек алдында жанкүйерлеріне үндеу жасады. Бірінші жартылай орта салмақта өнер көрсететін отандасымыз 6 маусым күні Өзбекстан астанасындағы «Хумо Аренада» жергілікті боксшы Шохжахон Эргашевпен қолғап түйістіреді.
Алдағы айқас қарсаңында Жүкембаев X әлеуметтік желісіндегі парақшасында өз мәлімдемесін жариялады.
“Ташкент, дайындал! Мен рингке өзімнің мықты екенімді дәлелдеуге шығамын”, – деп жазды қазақстандық боксшы.
Бастапқыда Жүкембаев пен Эргашев арасындағы кездесу 9 мамырда өтуі керек еді. Бірақ ұйымдастырушылар жекпе-жек күнін кейін бір айға шегерді.
Соңғы жекпе-жек
Батыр Жүкембаев соңғы кездесуін 2025 жылдың сәуір айында Астанада өткізді. Сол кеште ол британиялық Кейн Гарднерді төрешілердің бірауызды шешімімен жеңген еді.
Кәсіпқой рингте қазақстандық боксшы бүгінге дейін 25 жекпе-жек өткізіп, оның 24-інде жеңіске жетті. 17 қарсыласын нокаутпен ұтқан. Сондай-ақ ол әр жылдары IBF Inter-Continental, IBO International, WBA Continental Americas және WBC Continental Americas белбеулерінің иегері атанған.