Нұрасыл Ғалым Азия чемпионатының "алтыны" үшін жұдырықтасады (ВИДЕО)
Қазақстандық жас боксшы Ташкентте жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының финалына жолдама алды.
U-17 санатында 50 келіге дейінгі салмақта сынға түсіп жатқан отандасымыз жартылай финалда Оңтүстік Корея өкілі Сеонгмин Квонмен жұдырықтасты. Жекпе-жек барысында Ғалым қарсыласынан басым түсіп, төрешілер шешімімен бірауыздан жеңіске жетті.
Осылайша боксшы құрлық біріншілігінің алтын медаль үшін шаршы алаңға көтеріледі.
Айта кетейік, Ташкенттегі жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты World Boxing ұйымының қолдауымен өтіп жатыр. Турнирде боксшылар екі жас ерекшелігі бойынша — U-15 және U-17 санаттарында бақ сынауда. Жарыс 15 мамырда аяқталады.
Қазақстан бұл додаға төрт құрамамен қатысып жатыр: екі жас санатындағы ұлдар және қыздар командалары ел намысын қорғауда.