Төртінші қазақстандық боксшы Ташкенттегі ринг финалына көтеріледі (ВИДЕО)
Ислам Сүлейманоғлы Өзбекстан астанасында жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының финалына жолдама алды.
U-17 жас санатында 66 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетіп жүрген отандасымыз жартылай финалда қырғызстандық Ризван Исаевпен жұдырықтасты. Тартысты өткен кездесудің қорытындысы бойынша төрешілер жеңісті бірауыздан қазақ боксшысына берді.
Осылайша Ислам Сүлейманоғлы құрлық біріншілігінің алтын медаль үшін таласады.
Айта кетейік, бүгін осы жас санатында Қазақстан құрамасынан бірнеше боксшы финалға өтті. Олардың қатарында Мейіржан Жүніс, Әмір Мұхит және Нұрасыл Ғалым бар. Ислам Сүлейманоғлы — Қазақстан құрамасының осы турнирдегі кезекті финалисі.
Ташкенттегі жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты World Boxing ұйымының қолдауымен өтіп жатыр. Жарыста спортшылар екі жас ерекшелігі бойынша — U-15 және U-17 санаттарында бақ сынауда.
Турнир 15 мамырда мәресіне жетеді. Қазақстан бұл додаға төрт құрамамен қатысуда: екі жас санатындағы ұлдар және қыздар командалары ел намысын қорғап жатыр.