Қазақстандық боксшы Азия чемпионатының финалына мерзімінен бұрын шықты (ВИДЕО)
Әлібек Алпамыс Ташкентте жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының финалына жолдама алды.
Алпамыс қарсыласынан айқын басым болды
U-17 жас санатында 80 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетіп жүрген отандасымыз жартылай финалда Түрікменстан өкілі Самир Сабуровпен кездесті.
Жекпе-жектің алғашқы раундынан-ақ Әлібек Алпамыс шаршы алаңда басымдық танытты. Қазақстандық боксшы қарсыласына қарағанда шеберлігі жоғары екенін көрсетіп, кездесудің қарқынын өз бақылауында ұстады.
Екінші раундта төреші айқасты мерзімінен бұрын тоқтатты. Нәтижесінде жеңіс Әлібек Алпамысқа берілді.
Қазақстандық боксшы алтынға таласады
Осылайша Әлібек Алпамыс жасөспірімдер арасындағы құрлық біріншілігінің финалына шығып, енді алтын медаль үшін жұдырықтасады.
Ташкентте өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты World Boxing ұйымының қолдауымен ұйымдастырылуда. Жарыста спортшылар екі жас ерекшелігі бойынша — U-15 және U-17 санаттарында бақ сынап жатыр.
Сайыс 15 мамырда аяқталады. Қазақстан бұл турнирге төрт құрамамен қатысуда: екі жас санатындағы ұлдар және қыздар командалары ел намысын қорғап жатыр.