Бокстан Қазақстан U-15 Азия чемпионатын 24 медальмен аяқтады

Жекпе-жек шолушысы

Қазақстан құрамасы Ташкентте 15 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы Азия чемпионатындағы жарысын аяқтады. Жалпыкомандалық есепте отандастарымыз үздік үштікке енді.

Бокстан Қазақстан U-15 Азия чемпионатын 24 медальмен аяқтады
instagram/@boxingkazakhstan

Медаль есебінде кім көш бастады?

Жалпыкомандалық есепте бірінші орынды жарыс қожайыны Өзбекстан құрамасы иеленді. Олар 13 алтын, 8 күміс және 6 қола медаль жеңіп алды. Жалпы саны — 27 жүлде.

Екінші орын Үндістан құрамасына бұйырды. Олардың еншісінде 9 алтын, 6 күміс және 12 қола медаль бар. Жалпы саны бойынша 27 медаль жинады.

Қазақстан бұл екі құрамадан кейін үшінші сатыға орналасты.

Ұлдар құрамасы 10 медаль жеңіп алды

Қазақстанның U-15 ұлдар құрамасы Азия чемпионатын 10 медальмен аяқтады. Оның ішінде:

  • 5 алтын;
  • 3 күміс;
  • 2 қола медаль бар.

Азия чемпионы атанған қазақстандық боксшылар:

  • Бейбарыс Қойшыбай 43 келіде үндістандық Самир Бохруды 4:1 есебімен жеңді.
  • Нұрислам Бақтыбаев 55 келіде Өзбекстан өкілі Бобурмирзо Муродовтан айқын басым түсіп, 5:0 есебімен жеңіске жетті.
  • Рауан Тоғызбай 61 келіде өзбекстандық Азизбек Эгамбергановты 4:1 есебімен ұтты.
  • Аманжан Жанай 67 келіде Үндістан спортшысы Ронак Параг Локхандені бірінші раундта тоқтатылған жекпе-жектен кейін жеңді.
  • Аян Бауыржан 70 келіде өзбекстандық Ұлмасбек Сатимовты техникалық нокаутпен жеңіп, алтын медаль иеленді.

Қазақстан құрамасының бірнеше өкілі финалға дейін жетіп, күміс жүлдегер атанды.

  • Саят Рахымберді 33 келіде үндістандық Яш Кумарға 1:4 есебімен есе жіберді.
  • Жақсылық Ермекұлы 35 келіде ирандық Аболфазл Пишеварға 0:5 есебімен жол берді.
  • Айбын Мәжит 70 келіден жоғары салмақта Өзбекстан өкілі Иброхим Мирзакаримовке қарсы финалда жеңіліп, күміс медаль алды.

Қыздар құрамасы да жүлделі болды

Қазақстанның U-15 қыздар құрамасы құрлықтық додада 2 алтын, 5 күміс және 7 қола медаль жеңіп алды.

Алтын медаль иеленгендер:

  • Самал Төлепберген 52 келіде Қырғызстан өкілі Аруузат Маликованы бірінші раундта нокаутқа жіберді.
  • Нұргүл Сахи 67 келіде өзбекстандық Шахона Мулложонованы 4:1 есебімен жеңіп, Азия чемпионы атанды.

Күміс жүлдегерлер:

  • Нұржанат Бекназар 37 келіде үндістандық Анзи Анзиге 0:5 есебімен есе жіберді.
  • Сабрина Әділханова 46 келіде Үндістан өкілі Ханшика Аттриге қарсы жекпе-жекте жеңілді. Бұл айқас екінші раундта тоқтатылды.

Сондай-ақ Аруна Шалман, Аяру Файзуллаева және Көркем Ғалым күміс медаль жеңіп алды. Аяру Файзуллаева үндістандық Бхумика Бхумикаға қарсы кездесуде бірінші раундта тоқтатылған жекпе-жектен кейін жеңіліс тапса, Көркем Ғалым 70 келіден жоғары салмақта өзбекстандық Захро Даниероваға жол берді.

Ташкенттегі Азия чемпионаты World Boxing ұйымының аясында өтіп жатыр. Жарыс U-15 және U-17 жас санаттарында ұйымдастырылған. Құрлықтық біріншілік 15 мамырда мәресіне жетеді.