"Бұл — өтірік": Хабиб Нурмагомедов UFC басшысының сөзіне жауап берді

Футбол шолушысы

Бұрынғы UFC чемпионы, аралас жекпе-жек тарихында ең үздік файтерлердің бірі Хабиб Нурмагомедов мансабын не үшін аяқтағанын тағы бір мәрте түсіндірді.

"Бұл — өтірік": Хабиб Нурмагомедов UFC басшысының сөзіне жауап берді
championat.com

Хабиб Дана Уайттың сөзіне наразы болды

UFC-дің жеңіл салмақтағы бұрынғы чемпионы Хабиб Нурмагомедов әлеуметтік желідегі парақшасында Дана Уайттың сөзіне қатысты пікір білдірді. Бұған дейін UFC басшысы ресейлік файтер мансабын қомақты қаржы тапқаннан кейін аяқтады деген ой айтқан.

Бірақ Нурмагомедов бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

"Интернеттегі тақырыптарды кейде оқып қаламын. Әрине желідегі әрбір бос әңгімеге пікір білдіретін адам емеспін. Бірақ Дана осындай сөз айтса, ол бірден барлық жерге тарайды. Мен былай деймін: бұл — толық өтірік. Маған ешкім ешқашан ол миллиондарды берген жоқ. Ал мен спорттан көп ақша тапқаным үшін кеттім деген әңгіме де шындыққа сай келмейді. Нақты шындықты бүкіл әлем біледі. Мен бұл туралы бірнеше рет айттым, қайта-қайта қайталаудың қажеті жоқ", — деді Хабиб.

Хабибтің басты жетістіктері

Хабиб Нурмагомедов — ММА тарихындағы ең мықты спортшылардың бірі. Ол UFC чемпионы атағын 2018 жылдың сәуір айында UFC 223 турнирінде америкалық Эл Яквинтаны жеңгеннен кейін иеленді.

Осыдан кейін чемпиондық белбеуін үш рет сәтті қорғады. Конор Макгрегор, Дастин Порье және Джастин Гейджи сынды UFC жұлдыздарын жеңіп, жеңіліссіз рекордын сақтап қалды.

Нурмагомедов неге спорттан кетті?

Хабиб кәсіби мансабын 2020 жылы Джастин Гейджиге қарсы кездесуден кейін аяқтады. Спорттан кетуінің басты себебі ретінде әкесі әрі бапкері Абдулманап Нурмагомедовтің өмірден өтуін атаған.

Файтердің айтуынша, әкесінен айырылғаннан кейін октагонға қайта оралудың мәні қалмаған. Сондай-ақ Хабиб отбасымен көбірек уақыт өткізгісі келетінін бірнеше рет айтқан.