Төрехан Сабырхан жарақатынан айығып, ұлттық құрамаға қайта қосылды

Жекпе-жек шолушысы

Қазақстандық боксшы жарақатына байланысты біраз уақыт оқу-жаттығу жиындарына қатыспай, ұлттық құрама сапына қайта оралғанын жеткізді.

Төрехан Сабырхан жарақатынан айығып, ұлттық құрамаға қайта қосылды
instagram/@boxingkazakhstan

Боксшының айтуынша, Өзбекстанда өткен бірлескен оқу-жаттығу жиынына денсаулығын қалпына келтіру үшін бармаған.

“Мен Ташкентке, нақтырақ айтқанда Янгиабадтағы жиынға барғаным жоқ. Демалдым. Сондай-ақ аздаған жарақаттарым болды, соны емдеттім. Залда жаттығып жүрдім. Енді міне, ұлттық құрамаға қосылдым”, — деді Төрехан Сабырхан Qazaqstan TV арнасына берген сұхбатында.

Еске сала кетейік, Қазақстан мен Өзбекстан ерлер құрамаларының бірлескен оқу-жаттығу жиыны 2026 жылдың 11-25 мамыр аралығында Өзбекстанның Янгиабад қаласында өтті. Жиында қос елдің боксшылары Қытайда өтетін World Boxing кубогының кезеңіне дайындық жүргізді.

Қазақстан құрамасын бас бапкер Нұржан Насанов бастап барды. Жиынға ұлттық құраманың бірқатар көшбасшысы қатысты. Олардың қатарында:

Айбек Оралбай;
Нұрбек Оралбай;
Махмұд Сабырхан;
Санжар Тәшкенбай;
Сабыржан Аққалықов және басқа да қазақстандық боксшылар бар.

Бұған дейін Қазақстан мен Өзбекстан құрамаларының тағы бір бірлескен оқу-жаттығу жиыны өтетіні белгілі болды. Бұл жолы дайындық 1-12 маусым аралығында Қазақстанда ұйымдастырылады.