Батыр Жүкембаев жекпе-жек алдында жанкүйерлерге уәде берді (ВИДЕО)

Бас редактор

Бұл кездесу Жүкембаев үшін өткен жылдың сәуірінен кейінгі алғашқы айқас болады.

Батыр Жүкембаев жекпе-жек алдында жанкүйерлерге уәде берді (ВИДЕО)
NUR.KZ

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Батыр Жүкембаев Өзбекстан өкілі Шохжахон Эргашевке қарсы өтетін жекпе-жек алдында жанкүйерлеріне үндеу жасады. Бірінші жартылай орта салмақта өнер көрсететін отандасымыз Ташкенттегі айқастың тартысқа толы болатынына сендірді.

Жүкембаев пен Эргашев арасындағы кездесу 6 маусым күні Ташкенттегі "Хумо Аренада" өтеді.

"Өте әсерлі жекпе-жек болады"

Батыр Жүкембаев Instagram парақшасында алдағы айқасқа қатысты қысқа жазба жариялады.

"Жуырда. Ташкент, кездескенше. Өте әсерлі жекпе-жек болады", — деп жазды Жүкембаев.

Бұл кездесу екі боксшы үшін де маңызды. Жүкембаев ұзақ үзілістен кейін рингке қайта оралса, Эргашев өз жерінде мықты қарсыласқа қарсы жеңіске жетуді көздейді.

Жекпе-жек кейінге шегерілген еді

Бастапқыда Батыр Жүкембаев пен Шохжахон Эргашев арасындағы айқас 9 мамырда өтуі тиіс болған. Алайда кейін кездесу шамамен бір айға шегеріліп, 6 маусымға ауыстырылды.

Ұйымдастырушылар бұл жекпе-жекті Ташкенттегі бокс кешінің басты оқиғаларының бірі ретінде күтіп отыр.

Айта кетейік, Батыр Жүкембаевтың кәсіби рекорды — 24 жеңіс және 1 жеңіліс. Оның 17 жеңісі нокаутпен аяқталған.

Ал Шохжахон Эргашевтің кәсіби көрсеткіші — 26 жеңіс және 2 жеңіліс. Өзбекстандық спортшы 23 жекпе-жегін мерзімінен бұрын аяқтаған.