Қазақстан грек-рим күресінен жастар арасындағы Азия чемпионатында үш медаль алды

Бокс шолушысы

Таиландтың Паттайя қаласында 20 жасқа дейінгі балуандар арасында күрес түрлерінен Азия чемпионаты басталды.

Қазақстан грек-рим күресінен жастар арасындағы Азия чемпионатында үш медаль алды
olympic.kz

Паттайяда өтіп жатқан жастар арасындағы Азия чемпионатында алғашқы болып грек-рим күресінің өкілдері бозкілемге шықты. Қазақстан атынан сынға түскен бес балуанның үшеуі жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Ұлттық құрама қоржынына екі күміс және бір қола медаль түсті.

77 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Бақдәулет Тұрсынбек финалға дейін жетіп, күміс жүлдегер атанды. Ол шешуші белдесуде өзбекстандық Оғабек Асқаралиевпен кездесіп, қарсыласына жол берді.

87 келіге дейінгі салмақта Әлихан Тағаев Қазақстан құрамасына екінші күміс медальді сыйлады. Финалда қырғызстандық Муслим Мамыровқа қарсы күресті. Тартысты өткен шешуші айқаста Тағаев жеңіліп, Азия чемпионатының күміс жүлдегері болды.

55 келіге дейінгі салмақта Әмірмұхамед Қабылов қола жүлде үшін белдесуде сәтті өнер көрсетті. Қазақстандық балуан Қырғызстан өкілі Құрманбек Алимжановты жеңіп, жастар арасындағы Азия чемпионатының қола медалін еншіледі.