Еркебұлан Тоқтар мансабын қашан аяқтайтынын айтты
Қазақстандық файтер соңғы рет 28 тамызда Астанада өткен IBA Nomad турнирінде жұдырықтасты.
Қазақстандық ММА файтері Еркебұлан Тоқтар кәсіби мансабы мен әлеуметтік желідегі белсенділігін қашан тоқтатынын айтты.
Спортшының сөзінше, ол қазіргі қарқынын тағы шамамен бір-бір жарым жыл сақтап, содан кейін медиа кеңістіктен кетуді ойлап жүр.
"Бір-бір жарым жылдан кейін бәрін тоқтатамын"
Тоқтар Instagram сторисінде болашақ жоспары туралы айтты.
"Біреу маған: "Қатты тырыспа, екі-үш жылдан кейін саған деген қызығушылық жоғалады", – деп жазыпты. Екі-үш жыл емес, өзім де бір-бір жарым жыл деп ойлаймын. Бір-бір жарым жылдан кейін Instagram-ымды өшіремін, әлеуметтік желіден мүлде кетемін. Аватарсыз аккаунтпен ғана отыратын шығармын.
Барлық бизнесті жолға қойып аламын, Алла қаласа. Ақша ай сайын түсіп тұрады. Ал өзім бір фейк аккаунтпен кім не істеп жүргенін қарап отырамын. Ең көбі бір-бір жарым жыл деп ойлаймын. Одан кейін... мәңгі праймда тек Қайрат Нұртас қана жүретін шығар, үнемі праймда болу қиын", – деді Тоқтар.
Тоқтар – елдегі ең танымал спортшылардың бірі
Еркебұлан Тоқтар Қазақстандағы ең медиа спортшылардың қатарында. Оның әлеуметтік желілердегі жазылушыларының жалпы саны 2,5 миллионнан асады.
Тоқтар соңғы рет 28 тамызда Астанада өткен IBA Nomad турнирінде жұдырықтасты. Бокс ережесі бойынша өткен кездесуде ол өзбекстандық Бобиржон Исроиловты екінші раундта нокаутпен жеңді.
Айқас барысында қазақстандық спортшы қарсыласын төрт рет нокдаунға түсірді.