Сағындық Тоғамбай Қазақстан чемпионатының финалына шықты
2026 жылғы Қазақстан чемпионатының финалдық жекпе-жектері 6 қарашада өтеді.
Бокстан Таразда өтіп жатқан Қазақстан чемпионатында ерлер арасындағы 90 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің жартылай финалдық жекпе-жегі өтті.
Түркістан облысының атынан өнер көрсететін Сағындық Тоғамбай Қарағанды облысының өкілі Нұрмағамед Юсуповпен кездесіп, финал жолдамасын иеленді.
Үш раундқа созылған жекпе-жек қорытындысы бойынша төрешілер жеңісті Сағындық Тоғамбайға берді. Есеп – 4:1.
Осылайша, Тоғамбай 2026 жылғы Қазақстан чемпионатының финалына шықты. Ал Нұрмағамед Юсупов жарысты қола жүлдемен аяқтады.
Сағындық Тоғамбай – ұлттық құрама мүшесі
Сағындық Тоғамбай Қазақстан ұлттық құрамасының сапында өнер көрсетеді. Оның басты жетістіктерінің қатарында 2024 жылғы Азия чемпионатының алтын жүлдесі және 2022 жылғы Азия ойындарының қола медалі бар.
Айта кетейік, бокстан ерлер мен әйелдер арасындағы 2026 жылғы Қазақстан чемпионатының финалдық жекпе-жектері 6 қарашада өтеді.