Penalty.kz қосымшасыГол туралы бірінші біліңіз Ашу
Футбол
Бөлімдер

Тұрсынғали Еділов: "Қожахан - жаңа көшбасшы"

Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Тұрсынғали Еділов Таразда бокстан ел чемпионатында көзге түскен Әділбек Қожаханның әлеуетін жоғары бағалады.

Тұрсынғали Еділов: "Қожахан - жаңа көшбасшы"
almaty.tv

Қожаханның қандай қасиеттері тәнті етті?

Ұлттық құраманың бұрынғы бас бапкері Sportarena.kz сайтына берген пікірінде 60 келіге дейінгі салмақта топ жарған жас боксшының өнеріне тоқталып, алдағы ірі жарысқа іріктеу жөніндегі ойын айтты.

Тәжірибелі бапкердің айтуынша, Әділбекке жеребе оңай түспеген. Соған қарамастан мықты қарсыластарын жеңіп, финалда Оразбек Асылқұловтан басым түскен.

"Оның жасы небәрі 18-де. Қарсыластары осал болған жоқ. Әсіресе, Оразбек Асылқұловпен финалдағы айқасы ұнады. Алдыңда әлем чемпионы, Азияның қазіргі чемпионы тұрса да, Әділбек одан еш қаймықпағандай көрінді", – деді Еділов.

Маман Қожаханның аяқпен жеңіл қозғалатынын, рингте жылдам шешім қабылдайтынын атап өтті. Сонымен қатар оның қорғанысы мен қарымта шабуылын ерекше бағалады. Еділовтің назарын аударған тағы бір қыры – солақай қарсыластармен сенімді жұдырықтасуы.

"Әлем чемпионатына қатысуға толық лайық"

Еділов жас боксшыны Астанада өтетін 2027 жылғы әлем чемпионатына жүйелі түрде дайындау қажет деп есептейді. Оның пайымынша, ұлттық біріншіліктегі жеңіс басты жарысқа іріктеу кезінде ескерілуге тиіс.

Бапкер Қожаханды халықаралық турнирде сынап көруді ұсынды. Егер алғашқы жарысында сүрінсе, жас боксшыға тым қатаң баға бермеу керек екенін де айтты.

"Оның қабілеті өте жақсы. Дұрыс жұмыс жүргізілсе, мықты боксшы болып қалыптасады. Ең бастысы – үйренуге мүмкіндігі бар, жасы да соған сай, – деген пікір білдірді маман.

Еділовтің бағалауынша, 60 келіде әзірге 70 келідегі Төрехан Сабырхан секілді айқын көшбасшы жоқ. Ол Бейбарыс Жексеннің әлем және Азия чемпионаттарында ширек финалдан аса алмағанын, ал Асылқұловтың Азия ойындарындағы алғашқы кездесуінде жеңілгенін еске салды. Ал Қожахан Таразда осы қарсыластарынан сенімді өткен.

Жаңа чемпиондар құраманың бәсекесін күшейте ме?

Еділов ел біріншілігінде бұрынғы чемпиондардың ешқайсысы атағын қорғай алмағанына қатысты пікірлерге де тоқталды. Ол жастар құрамасында танылған Санжарәлі Бегалиев, Нұрбек Мұрсал, Өнер Сейілхан және Темірлан Мұқатаевтың жарқын өнер көрсеткеніне қуанышты екенін жеткізді.

Дегенмен маман турнир нәтижесін бағалағанда қатысушылар құрамын ескеру қажет дейді. Тараздағы жарысқа Азия ойындарының жүлдегерлері қатыспаған. Бұған қоса, Сабыржан Аққалықов пен Нұрбек Оралбай денсаулығына байланысты ел чемпионатын өткізіп алған. Осы жағдай Нұржан Насанов жетекшілік ететін бапкерлер штабының алдында күрделі таңдау тұрғанын көрсетеді.

Еділов іріктеуді спарринг арқылы шешуге қарсы

Бапкердің айтуынша, 12 сәуірде басталатын әлем чемпионатына дейін уақыт аз. Сондықтан әр салмақта кімге сенім артылатынын анықтау маңызды.

Еділов халықаралық жарыстарда нәтижесін дәлелдеген боксшыларға басымдық берілуі мүмкін екенін түсінеді. Бірақ ел чемпионатына қатыспаған Оралбай мен Аққалықовтың құрамадағы бірінші нөмір мәртебесін қалай сақтайтынына назар аударды.

Оның ұсынған жолы – бір орынға таласатын екі боксшыны да деңгейі жоғары турнирге жіберіп, ресми кездесулердегі өнерін салыстыру.

"Екі үміткерді бір жақсы турнирге апарып, кімнің мықты екенін сонда бағалау керек. Астанадағы әлем чемпионаты секілді аса маңызды жарысқа қатысушыларды спарринг арқылы таңдауға болмайды", – деп түйіндеді Еділов.

Бұл туралы не ойлайсыз?