Дияр Нұрғожай UFC-дегі жаңа келісімшартын жариялады
Жартылай ауыр салмақта өнер көрсететін қазақстандық спортшы жаңа келісім бойынша UFC-де тағы төрт жекпе-жек өткізеді.
Қазақстандық UFC файтері Дияр Нұрғожай промоушенмен жасалған жаңа келісімшарт туралы айтып, оның алдыңғысынан тиімдірек болғанын мәлімдеді.
Жартылай ауыр салмақта өнер көрсететін қазақстандық спортшы жаңа келісім бойынша UFC-де тағы төрт жекпе-жек өткізеді.
UFC келісімшартты төрт жекпе-жекке ұзартты
Нұрғожайдың айтуынша, оның бұған дейінгі келісімшарты да төрт жекпе-жекке есептелген. Осы аралықта қазақстандық файтер UFC-де төрт рет октагонға шығып, екі жеңіске жетіп, екі рет жеңілген.
"Келісімшарт тағы төрт жекпе-жекке ұзартылды. Бұған дейінгі келісімім де төрт жекпе-жекке арналған еді. Иә, сәтсіздіктер сериясы болды. Бірақ қазір жақсы қарқын алдым. Торды да, атмосфераны да сезіндім, осының бәріне толық кірістім. Келісімшарттың ұзартылуына да осы әсер етті деп ойлаймын", – деді Нұрғожай.
"Бұл жерде өнер көрсетуге лайық екенімді дәлелдеймін"
Қазақстандық файтер UFC-дегі мүмкіндігін барынша пайдалануға ниетті екенін айтты.
"Мен бұл жерде жұдырықтасуға лайық екенімді барынша дәлелдеп, бәріне көрсетемін деп ойлаймын", – деді ол.
Сонымен қатар Нұрғожай жаңа келісімшарттың қаржылық талаптары бұрынғыдан жақсарғанын жеткізді.
"Шарттары жақсарды. Бұрынғыдан жақсы. Бірақ оны толық жариялаудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Әрине, бұл ақылға сыймайтын үлкен ақша емес. Бұрынғы келісімшарт кезінде дайындыққа табысымыздан да көп қаражат жұмсалатын. Қазіргі келісім бойынша АҚШ-та ұзақ уақыт болғанда шығындарды шамамен жабуға мүмкіндік бар. Тұратын жер, көлік, тамақ – мұның бәрі ақша. Бірақ мен шағымданып отырған жоқпын", – деді спортшы.
Алғашқы жекпе-жек Қатарда өтеді
Дияр Нұрғожай жаңа келісімшарт аясындағы алғашқы кездесуін 21 қарашада Дохада өткізеді. Оның қарсыласы америкалық файтер Алик Лоренц болады.