ММА федерациясы Қазақстанда екі UFC турнирін өткізу бойынша мәлімдеме жасады
Қазақстан UFC тарихындағы ел аумағындағы алғашқы турнирді 2027–2028 жылдары қабылдауға мүдделі.
Қазақстанның ұлттық ММА федерациясының президенті Сағындық Мекеев елде бір емес, екі UFC турнирін өткізу мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді.
Оның айтуынша, Қазақстанда UFC кешін ұйымдастыру жөніндегі келіссөздер жалғасып жатыр. Сонымен қатар ірі бокс кешін өткізу жоспары да қарастырылуы мүмкін.
"Елдің спорт министрі Қазақстанда болашақта екі UFC турнирін өткізгісі келетінін айтты. Менің түсінуімше, әңгіме 2027 және 2028 жылдар туралы болып отыр. Сонымен қатар UFC-ден бөлек, бокс кешін де өткізу жоспары бар сияқты. Оның бәрін қалай бөлетінін нақты білмеймін. Мүмкін, Алматыда UFC, ал Астанада бокс өтер. Көре жатармыз", – деді Мекеев.
Қазақстан UFC-пен келіссөз жүргізіп жатыр
19 қарашада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан Республикасының туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов елде UFC турнирін өткізу жөніндегі келіссөздердің жүріп жатқанын растаған.
Министрдің сөзінше, Қазақстан UFC тарихындағы ел аумағындағы алғашқы турнирді 2027–2028 жылдары қабылдауға мүдделі.
UFC турнирін қабылдауға екі арена лайық
Сағындық Мекеев Қазақстанда UFC кешін өткізуге қолайлы екі негізгі аренаны атады.
Оның пікірінше, Алматыдағы "Алматы Арена" мен Астанадағы "Барыс Арена" мұндай турнирді қабылдауға ең ыңғайлы нысандар саналады.
"Мұндай екі арена бар – Алматыдағы "Алматы Арена" және Астанадағы "Барыс Арена". UFC турнирін өткізуге ең қолайлы әрі ықшам ареналар осы. Әрине, олар 20 мың көрерменге арналмаған. Бірақ шамамен 12 мың орын бар, оған партердегі тағы екі-үш мың орынды қосуға болады. Меніңше, бұл жеткілікті", – деді федерация президенті.
Айта кетейік, әзірге UFC турнирінің нақты өтетін қаласы мен мерзімі ресми түрде бекітілген жоқ.