11 жыл күткен алтын: Санжар Ерланұлы әлем чемпионы атанды
Санжар Ерланұлы Қазақстан тарихында жастар арасындағы әлем чемпионатының жеке сынында жеңіске жеткен үшінші дзюдошы болды.
Қазақстандық дзюдошы Санжар Ерланұлы Ташкентте өтіп жатқан жастар арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды.
Ол жеке сында осы жас санатындағы әлем біріншілігін ұтқан Қазақстан тарихындағы үшінші дзюдошы атанды. Осылайша, ел құрамасы жастар арасындағы әлем чемпионатының алтынын 11 жылдан кейін қайта иеленді.
Санжар Ерланұлы финалға дейін төрт қарсыласын жеңді
Санжар Ерланұлы 100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті.
Финалға дейін қазақстандық дзюдошы Германия өкілі Даниил Спиридоновты, италиялық Франческо Маццонаны, әзербайжандық Давуд Намазлиді және Испания өкілі Никита Юдановты жеңді.
Шешуші белдесуде ол жапониялық Шокей Хираномен кездесіп, жеңіске жетті. Нәтижесінде Ерланұлы әлем чемпионы атанды.
Санжар Ерланұлы Қазақстан тарихында жастар арасындағы әлем чемпионатының жеке сынында жеңіске жеткен үшінші дзюдошы болды.
Бұған дейін мұндай нәтижеге:
- Елдос Сметов – 2010 жылы;
- Мағжан Шамшадин – 2015 жылы қол жеткізген.
Cанжар Ерланұлы 2024 жылы кадеттер арасындағы әлем чемпионатында да топ жарған.
Асқар Біржанов қола медаль алды
Осы салмақ дәрежесінде Қазақстан қоржынына тағы бір жүлдені Асқар Біржанов салды. Ол үшінші орын үшін өткен белдесуде Испания өкілі Никита Юдановты жеңіп, қола жүлдегер атанды.
Бұған дейін Біржанов Үндістан мен Литва спортшыларынан басым түскен. Алайда ширек финалда жапониялық Шокей Хираноға жол берді. Одан кейін жұбаныш белдесуінде ресейлік Владимир Досякты жеңіп, қола медаль үшін күресуге мүмкіндік алды.
Айта кетейік, Ташкентте өтіп жатқан биылғы жастар арасындағы әлем біріншілігіне 82 елден 594 дзюдошы қатысып жатыр.