Марафоншыларға ескерту: жүгірушілер жиі жіберетін қателіктер аталды
27 қыркүйекте оңтүстік астанамызда Almaty Marathon 2026 өтеді. Жарыс қарсаңында марафонға қатысушыларға ұзақ қашықтықта жиі жіберілетін қателерді еске саламыз.
Марафонға дайындықты елемеу
Марафонға қатысу үшін күнделікті қозғалыс немесе бірнеше рет жүгіріп көру жеткіліксіз. 42,2 шақырымдық қашықтық ағзадан ұзақ уақыт бойы физикалық күшті талап етеді.
Сондықтан жаттығу көлемін біртіндеп арттырып, бұлшықет, буын және жүрек-қан тамырлары жүйесін ұзақ жүктемеге бейімдеу маңызды. Сонымен қатар жүгіруші өзінің физикалық мүмкіндігін шынайы бағалауы керек.
Жарысты тым жылдам бастау
Марафондағы жиі кездесетін қателіктің бірі – алғашқы шақырымдарда қарқынды көбейту. Алғашқы кезеңде мұндай қарқын жеңіл сезілгенімен, оның салдары қашықтықтың екінші жартысында байқалуы ықтимал. Сондықтан марафонда алдын ала жоспарланған қарқынды ұстанған дұрыс.
Жүгіруде денсаулық жағдайын бақылау аса маңызды. Қатты ауырсыну, бас айналу, қалтырау немесе қатты әлсіздік байқалса, жарысты жалғастырмаған жөн. Мұндай жағдайда жүгіруді тоқтатып, медициналық көмекке жүгіну қажет.
Мәре сызығынан кейін бірден тоқтау
Ұзақ шақырымдық қозғалысты аяқтаған соң бірден тоқтап немесе отырып қалмаған жөн. Бірнеше минут баяу жүріп, дем алуды қалпына келтіріп, сұйықтық пен энергия қорын біртіндеп толықтыру ұсынылады.
Марафоннан сәтті өту тек физикалық дайындыққа байланысты емес. Қарқынды дұрыс жоспарлау, алдын ала тексерілген жабдықты пайдалану, тамақтану мен су ішу жоспарын дайындау және ауа райын ескеру де маңызды.
Ал жарыс кезінде жағдайыңыз нашарласа, қауіпсіздікті бірінші орынға қойған жөн.