Аптап ыстықта жаттығу ағзаға қалай әсер етеді?
Жаз мезгіліндегі аптап ыстықта физикалық жаттығулар жасау ағзаға әдеттегіден жоғары салмақ түсіруі мүмкін.
Жаттықтырушы Анна Кравченко ыстық ауа райында спортпен айналысудың ерекшеліктері мен сақтық шараларын атады.
Ыстықта жаттығу неге қиындайды?
Маманның айтуынша, физикалық белсенділік кезінде бұлшықеттер қосымша жылу бөледі. Ағза қызып кетпеу үшін терлеуді күшейтіп, қан тамырларын кеңейтеді. Соның нәтижесінде қан теріге көбірек бағытталып, денені салқындату процесі жүреді.
Бұл кезде жүрекке екі міндетті қатар орындауға тура келеді: жұмыс істеп тұрған бұлшықеттерді оттегімен қамтамасыз ету және ағзаның жылуын шығаруға көмектесу. Сондықтан бірдей жаттығу кезінде ыстық ауа райында жүрек соғу жиілігі жоғарылап, адам тезірек шаршайды. Бұған қоса, әдетте жеңіл орындалатын жаттығулардың өзі ауыр сезілуі мүмкін.
Қандай жаттығулардан сақ болған жөн?
Кравченко ыстық уақытта күн астындағы ұзақ жүгіру, жоғары қарқынды интервалды жаттығулар және сұйықтықты жеткілікті мөлшерде ішпей ұзақ уақыт велосипед тебу кезінде ерекше сақ болуға кеңес берді. Ыстықта жаттығуды тоқтату немесе оның қарқынын төмендету қажет болуы мүмкін. Жаттығуға дейін қоршаған орта температурасын ескеріп, ағзаны алдын ала дайындау да маңызды.
Маман ыстықта жаттығу кезінде бірнеше негізгі ережені сақтауға шақырды:
- жиі сұйықтық ішу;
- жаттығу қарқынын ауа райына қарай реттеу;
- ағзаның қызып кету белгілерін бақылау.
Сондай-ақ, бас айналу, әлсіздік, жүрек айну сияқты белгілер пайда болса, жаттығуды бірден тоқтатып, салқын жерге өткен абзал.
Пікірлер
Пікір жазу үшін кіріңіз.
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болыңыз.