Данияның атақты «Копенгаген» клубы жас қазақстандық қақпашы, «Қайрат» U-19 командасының ойыншысы Шерхан Қалмырзаның керемет сейві түсірілген видеоны жариялап, таңданысын жасырмады.
«Копенгаген» клубының баспасөз қызметі УЕФА Жасөспірімдер лигасы аясындағы матчтан әсерлі эпизодты әлеуметтік желіге жүктеді. Видеода «Қайрат» U-19 қорғанысындағы қателіктен кейін доп өз қақпаларына қарай бағытталып бара жатады. Сол сәтте Шерхан Қалмырза нағыз кәсіби рефлексін көрсетіп, ғаламат секіріс арқылы допты сызықтан жұлып алады.
Даниялық клубиың бұл эпизодқа берген бағасы қысқа болғанымен мағынасы терең еді:
«WHAT did he do?» – деп жазды «Копенгаген» видео сипаттамасында.
Бұл жазба мен видео қазақстандық жас қақпашының өнеріне Еуропа клубының да жоғары баға бергенін айқын көрсетті.
Еске салайық, УЕФА Жасөспірімдер лигасы жалпы кезеңіндегі бесінші турында «Қайрат» U-19 Данияда «Копенгагенге» қарсы сенсациялық нәтижеге жетті. Кездесу 2:2 есебімен аяқталды.