Өзбекстан құрамасының ӘЧ-2026-дағы қарсыластары: К тобында кім бар?
Өзбекстан құрамасы мундиальдағы алғашқы ойынын 18 маусым күні Колумбияға қарсы өткізеді.
Өзбекстан ұлттық құрамасы 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатында K тобында өнер көрсетеді. Бұл — өзбек футболы үшін тарихи сәт, себебі команда алғаш рет мундиальдің финалдық кезеңіне жолдама алып отыр.
Өзбекстан кіммен ойнайды?
2026 жылғы әлем чемпионатының топтық кезеңінде Өзбекстан құрамасы мықты қарсыластармен кездеседі. K тобында өзбек футболшыларына Португалия, Колумбия және ДР Конго құрамалары қарсылас болады.
K тобы:
- Португалия
- Конго ДР
- Колумбия
- Өзбекстан
Бұл топта басты фаворит ретінде Португалия қарастырылса, Колумбия да халықаралық деңгейде тәжірибелі әрі қауіпті команда саналады. Ал Конго ДР мен Өзбекстан арасындағы ойын плей-оффқа шығу жолында маңызды рөл атқаруы мүмкін.
Өзбекстан құрамасының матч кестесі
Өзбекстан құрамасы әлем чемпионатындағы алғашқы ойынын Колумбияға қарсы өткізеді.
- 18 маусым, 07:00 — Өзбекстан – Колумбия, Мехико
- 23 маусым, 22:00 — Португалия – Өзбекстан, Хьюстон
- 28 маусым, 04:30 — ДР Конго – Өзбекстан, Атланта
Матчтардың басталу уақыты Астана уақытымен көрсетілген.
Өзбекстан әлем чемпионатына қалай шықты?
Өзбекстан құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатына Азия іріктеуінен сәтті өтті. Команда мундиаль жолындағы күресті екі раундта еңсеріп, Азия аймағындағы ең қысқа жолдардың бірімен финалдық кезеңге шықты.
Іріктеу кезеңінде Өзбекстан 16 матч өткізіп, тек бір рет жеңілді. Жалғыз жеңіліс сырт алаңда Қатарға қарсы ойында тіркелді.
Айта кетейік, Өзбекстанның әлем чемпионатындағы дебюті Орталық Азия футболы үшін тарихи оқиға саналады.