Penalty.kz қосымшасыГол туралы бірінші біліңіз Ашу
Футбол
Бөлімдер

Дастан Сәтпаев неге жарақат ала береді? Смақов өз болжамын айтты

Қазақстан құрамасының бұрынғы капитаны Самат Смақов Дастан Сәтпаевтың жиі жарақат алуына шамадан тыс ойын жүктемесі әсер еткен болуы мүмкін деп санайды.

Дастан Сәтпаев неге жарақат ала береді? Смақов өз болжамын айтты
nur.kz

Смақов: "Дастанды барлық турнирге қатыстырды"

Англияның "Бернли" клубында өнер көрсететін 18 жастағы қазақстандықтың жарақаттарына қатысты Смақов Sports24.kz басылымына берген сұхбатында пікір білдірді. Бұрынғы футболшының пікірінше, Сәтпаевтың денсаулығына байланысты мәселелер Қазақстанда ойнап жүрген кезінен басталған. Ол жас ойыншының бірнеше команда сапында қатар өнер көрсетуін шамадан тыс жүктемемен байланыстырады.

"Дастанның бұл мәселелері Қазақстаннан басталды. Ата-анасына футболшыны күтіп ұстау керегін айтқанмын. Оны кезінде Федор Черенков пен Марат Измайлов секілді барлық турнирге қатыстыра бастады: қосалқы құрам, жастар құрамасы, ұлттық құрама, Чемпиондар лигасы. Мұның салдары қазір жарақат түрінде көрініп жатыр. Ол небәрі 17–18 жастағы бала, ал оны барлық жерде ойнатты", — деді Смақов.

Берілген мәліметке сәйкес, кәсіби мансабының бір жарым жылында шабуылшы үш рет елеулі жарақат алған. Ал 2026 жылдың күзінде бұлшықеті қайта зақымданған. Негізгі мәселелер сан бұлшықеттері мен шап тұсына қатысты.

Қараша айында "Бернли" және футболшының трансферлік құқына иелік ететін "Челси" оның Қазақстан құрамасы сапында Ұлттар лигасы матчтарына қатысуына рұқсат бермеген.

Сәтпаевтың жарақаттар хронологиясы

Қазан, 2025 жыл: сол жақ сан бұлшықетінің жарақаты

Сәтпаев алғашқы елеулі жарақатын 5 қазанда өткен "Қайрат" – "Жетісу" матчынан кейін алған. Тексеру кезінде бұлшықеттің созылғаны, талшықтардың ішінара жыртылғаны және ісіну анықталған.

Соның салдарынан шабуылшы Қазақстан құрамасының Лихтенштейн және Солтүстік Македонияға қарсы кездесулерін өткізіп алды. Қалпына келуіне екі аптаға жетпейтін уақыт қажет болды.

Қараша, 2025 жыл: шап тұсындағы мәселе

Келесі айда футболшының шап тұсы мазалай бастаған. Соған қарамастан алаңға шығуын жалғастырып, 26 қарашада Чемпиондар лигасында "Копенгагенге" гол соқты.

Кейін осы мәселе оның "Қайраттың" қысқы оқу-жаттығу жиындарына қатысуына кедергі келтірді. Шабуылшы Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі "Брюгге" және "Арсеналға" қарсы соңғы матчтарда да ойнаған жоқ.

Қыркүйек, 2026 жыл: санның артқы бұлшықеті зақымданды

"Бернлиге" ауысқаннан кейін Сәтпаев тағы жарақат алды. 2 қыркүйекте Чемпионшип аясындағы "Мидлсброға" қарсы кездесудің 81-минутында санының артқы тұсын ұстап, өзін ауыстыруды сұраған. Матч 1:1 есебімен аяқталды.

Бұл жарақат қазақстандықтың клуб пен ұлттық құраманың бірқатар ойынын өткізіп алуына себеп болды.

Қараша, 2026 жыл: бұлшықет жарақаты қайталанды

Алаңға оралғаннан кейін шабуылшы қайтадан жарақатқа тап болды. 1 қарашада "Бернлидің" бас бапкері Фабио Челестини Сәтпаевтың санның артқы бұлшықетіне қатысты мәселесі бар екенін хабарлады.

Футболшының нақты қашан қатарға қосылатыны айтылған жоқ.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Клуб беті: Қайрат 2-орын