Қазақстандық волейболшылар Азия чемпионатында Австралияны ойсырата жеңді
Волейболдан әйелдер құрамасы Қытайдың Тяньцзинь қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында алғашқы жеңісіне қол жеткізді.
В тобындағы екінші ойында қазақстандық волейболшылар Австралия құрамасымен кездесті. Матч 3:0 есебімен Қазақстанның пайдасына аяқталды. Ойын партияларындағы есеп 25:21, 25:18, 25:21 болды.
Матчтағы жеңіске қарамастан, ұлттық құрама В тобында әзірге үшінші орында тұр. Рейтингте Таиланд үш ұпаймен көш бастаса, Индонезия дәл осындай ұпаймен екінші сатыға орналасты. Осыған дейін волейболшылар Азия чемпионатындағы алғашқы матчта Индонезиядан 0:3 есебімен жеңілген болатын.
Келесі ойында кіммен кездеседі?
Қазақстандық волейболшылар турнирдегі үшінші кездесуін 25 тамызда Таиланд құрамасына қарсы өткізеді. Жарыс регламентіне сәйкес, ширек финалға барлық командалардың арасынан үздік нәтиже көрсеткен сегіз құрама жолдама алады. Құрамаларды бағалауда алдымен жеңістер саны, одан кейін жинаған ұпай, партиялар және ұпайлар айырмасы ескеріледі.
Еске салсақ, Тяньцзиньдегі құрлық біріншілігі 30 тамызға дейін жалғасады.
Пікірлер
Пікір жазу үшін кіріңіз.
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болыңыз.