Қазақстан Азиада додасында негізгі жоспарды орындай алмады
Қазақстан жарысты 84 медальмен аяқтады. Бұл көрсеткіш алдыңғы екі Азиададағы нәтижеден жоғары болғанымен, Туризм және спорт министрлігі белгілеген 99 медальдық межеге жетуге жеткіліксіз болды.
Медальдық есепте Қазақстан сегізінші болды
XX жазғы Азия ойындары 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында өтті. Қазақстандық спортшылар 12 алтын, 24 күміс және 48 қола медаль жеңіп алды. Осылайша жоспарды орындауға 15 жүлде жетпеді. Бұл туралы sportarena.kz жазады.
Азиада-2026 қорытындысында Қытай құрамасы көш бастады. Жапония екінші, Оңтүстік Корея үшінші орын алды. Қазақстаннан жоғары тұрған құрамалардың қатарында Үндістан, Өзбекстан, Иран және Таиланд та бар.
ТМД елдері арасында ең жоғары нәтижеге Өзбекстан қол жеткізді. Тәжікстан 16 медальмен 22-орынға, Қырғызстан 14 жүлдемен 26-орынға жайғасты. Екі күміс алған Түрікменстан 31-орынмен шектелді.
Қазақстан жалпы жүлде саны бойынша Өзбекстаннан озғанымен, алтын медаль жағынан айтарлықтай артта қалды. Көрші елдің спортшылары 21 рет чемпион атанса, Қазақстан өкілдері 12 алтын иеленді.
Алдыңғы екі Азиадамен салыстырғанда не өзгерді?
Қазақстанның жалпы медаль саны мен қорытынды орны 2018 және 2022 жылғы ойындардағы көрсеткіштен жоғары болды. Бірақ алтын медаль саны 2018 жылғы нәтижеге жеткен жоқ: сол кезде ел құрамасы 15 алтын жеңіп алған еді.

Биылғы 84 медаль 2014 жылғы жалпы жүлде санымен тең. Бірақ сол жолы Қазақстан 28 алтынмен төртінші орынға көтерілген.
Sportarena.kz авторы осы салыстыруға сүйеніп, соңғы екі Азиададан ілгерілеу болғанымен, Қазақстан бұрынғы жоғары нәтижелеріне әлі орала алмағанын атап өтті.
99 медальдық меже орындалмады
Туризм және спорт министрлігі Қазақстан құрамасының алдына Айти мен Нагояда 99 медаль жеңіп алу міндетін қойған еді. Қорытынды нәтиже бұл межеден 15 жүлдеге төмен болды.
Қазақстан Азиадаға 550-ден астам спортшы апарған. Ал Өзбекстан делегациясында 400-ге жетпейтін атлет болғанына қарамастан, көрші ел алтын медаль саны бойынша жоғары нәтиже көрсетті.
Бірқатар фаворит жүлдесіз қалды
Азиадада Қазақстанның бірнеше танымал спортшысы күткен нәтижеге қол жеткізе алмады.
Бокста Сабыржан Аққалықовтың алғашқы жекпе-жектен кейін жарыстан шығуы күтпеген нәтижелердің бірі болды. Спорттық гимнастикада Нариман Құрбанов іріктеу кезеңінен өте алмады.
Күрес түрлерінде Қазақстан бірде-бір алтын алған жоқ. Ризабек Айтмұхан, Жәмила Бақбергенова, Азамат Дәулетбеков және Демеу Жадыраев жүлдегерлер қатарына кіре алмады.
Жеңіл атлет Ясмина Тоқсанбаеваның чемпиондық нәтижесі аяқкиіміне қатысты даудан кейін жойылды.
Дзюдошылар жеті медаль жеңіп алғанымен алтынсыз қалды. Қазақстандықтар жапондықтармен өткен жүлде үшін жеті белдесуде жеңілді: оның бесеуі алтын, екеуі қола медаль үшін тартыс болды.
Ең көп медаль дзюдошыларға тиесілі
Жалпы жүлде саны бойынша Қазақстан құрамасында дзюдо көш бастады — жеті медаль. Жеңіл атлетика мен каноэ-спринтте алты жүлдеден алынды.
Ал алтын саны бойынша велоспорт үздік болды: үш алтын және бір күміс. Каратэ, бокс және ММА өкілдері екі алтыннан жеңіп алды.