Боксшылар бутсы кимесе де, гол соқты: Қазақстан мен Өзбекстан құрамалары жасыл алаңда доп тепті
Бокстан Қазақстан ерлер құрамасы Өзбекстанның Янгиабад қаласында оқу-жаттығу жиынын жалғастырып жатыр. Жаттығу процесі аясында қазақстандық былғары қолғап шеберлері Өзбекстан құрамасымен футбол ойнап, жанкүйерлерге ерекше сәт сыйлады.
Боксшылар жасыл алаңда кездесті
Өзбекстан бокс федерациясының Instagram парақшасында екі ел құрамалары арасындағы жолдастық футбол матчының нәтижесі жарияланды. Кездесуден кейін түсірілген ортақ суретте Қазақстан құрамасының бас бапкері Нұржан Насанов, сондай-ақ Санжар Тәшкенбай, Махмұд Сабырхан, Оразбек Асылқұлов сияқты боксшыларды көруге болады.
Өзбекстан тарапынан бапкер Акмал Хасанов, Париж Олимпиадасының чемпионы Абдумалик Халоков және ұлттық құраманың өзге де өкілдері қатысқан.
Матч нәтижесі қандай болды?
Жолдастық ойын тартысты өтіп, 5:5 есебімен аяқталды. Өзбекстан бокс федерациясы жариялаған жазбада:
"Достық жеңді: 5:5", — деп көрсетілген.

Бұл кездесу екі ел боксшылары арасындағы сыйластық пен достық байланыстың тағы бір көрінісіне айналды.
Боксшылар әлемдік додаға дайындалып жатыр
Бұған дейін Қазақстан мен Өзбекстан құрамалары бірлескен жалпы дене дайындығы жаттығуларын бастағаны хабарланған. Қазақстан құрамасының оқу-жаттығу жиынына Айбек пен Нұрбек Оралбай, Санжар Тәшкенбай және басқа да боксшылар шақырылған.
Қос елдің былғары қолғап шеберлері алдағы маңызды жарысқа — бокстан әлем кубогының екінші кезеңіне дайындалып жатыр. Бұл турнир алғаш рет Қытайдың Гуйян қаласында, Гуйчжоу провинциясында өтеді.
World Boxing федерациясының ұйымдастыруымен өтетін жарыс 15-21 маусым аралығына жоспарланған.