Әлем чемпионы атанған қазақ боксшылары жүлдеақысын алды
Қазақстандық боксшылар 2025 жылдың желтоқсанында өткен IBA әлем чемпионатындағы нәтижелері үшін тағайындалған ақшалай сыйақыны сегіз айдан кейін алды.
Боксшыларға ақша толық төленді
Қазақстан бокс федерациясы өкілдерінің мәліметінше, қазір боксшыларға тиесілі жүлдеақы толық көлемде аударылған. Ал бапкерлер мен федерация өз үлесін әзірге алған жоқ, деп жазады TengriSport.
ҚБФ атқарушы директоры Рауан Игеневтың айтуынша, IBA қалған төлемдерді қыркүйектің ортасына дейін аударуға уәде берген.

Еске салайық, 2025 жылдың желтоқсанында Дубайдағы IBA әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы алты жүлде еншілеген.
Қазақстан сапынан үш боксшы әлем чемпионы атанды:
- Сәкен Бибосынов — 54 келі;
- Оразбек Асылқұлов — 57 келі;
- Абылайхан Жүсіпов — 71 келі.
Ал Сабыржан Аққалықов 75 келі салмақта күміс медаль иеленді. Қола жүлдені Теміртас Жүсіпов (48 келі) пен Ертуған Зейнуллинов (63,5 келі) жеңіп алды.
Қанша жүлдеақы алды?
IBA бекіткен сыйақы көлемі жарыстағы нәтижеге байланысты есептелген.
Әлем чемпионы атанған әр боксшыға 300 мың доллар (шамамен 156,2 миллион теңге), күміс жүлдегерге 150 мың доллар (78,1 миллион теңге), қола медаль иегерлеріне 75 мың доллардан (39 миллион теңге) қарастырылған.
Ширек финалға дейін жеткендерге 10 мың доллардан (5,2 миллион теңге) төленуі тиіс болған.
Берілген мәлімет бойынша қазақстандық бокс өкілдеріне тиесілі жалпы жүлдеақы көлемі 1,24 миллион долларды немесе шамамен 645,6 миллион теңген болған.
Пікірлер
Пікір жазу үшін кіріңіз.
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болыңыз.