Тұрсынғали Еділов боксшылардың Азиададағы жеңілістердің себебін атады
Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы құраманың қажетті деңгейде дайын болмауы мүмкін екенін айтты.
Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Тұрсынғали Еділов Жапонияда өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарында Оразбек Асылқұлов пен Сабыржан Аққалықовтың алғашқы жекпе-жектерінде жеңіліп қалуына қатысты пікір білдірді.
Маман Sportarena.kz басылымына берген сұхбатында ұлттық құраманың бір бөлігі жылдың басты жарысына қажетті деңгейде дайын болмауы мүмкін екенін айтты.
Еділов физикалық дайындыққа күмән келтірді
80 келіге дейінгі салмақта фавориттердің бірі саналған Сабыржан Аққалықов Оңтүстік Корея өкілі Ким Мин Сонға есе жіберді.
Ал 60 келіде өнер көрсеткен Азия чемпионы Оразбек Асылқұлов Чан Дон Хваннан жеңіліп, жарысты 1/8 финалда аяқтады.
Еділовтің пікірінше, Асылқұлов жекпе-жекте өзінің толық мүмкіндігін көрсете алмаған.
"Біз тағы да сол қателікті қайталап отырмыз. Боксшыларды қайтадан қажытып жіберді. Команданың бір бөлігі жылдың басты жарысына дайын емес. Асылқұловтың техникасы мен тактикасында белгілі бір мәселе болуы мүмкін. Бірақ оның физикалық дайындығы мен мінезіне ешқашан сұрақ болған емес. Оның өз мүмкіндігінің жартысын да көрсете алмауы күш пен тыңдық жетіспегенін аңғартады", – деді Еділов.
АҚШ-тағы ұзақ оқу-жаттығу жиындарын сынға алды
Қазақстан бокс федерациясы жазда ұлттық құрама мүшелерінің АҚШ-та оқу-жаттығу жиынын өткізгенін жариялаған болатын.
Еділов осы дайындық кезеңінің ұзақтығына күмән келтірді. Оның сөзінше, Азия ойындарындағы алғашқы кездесулерде қазақстандық боксшылардың екінші раундтан кейін қарқыны төмендей бастаған.
"Мұндай ұзақ жиындарды АҚШ-та өткізудің қажеті қанша еді? Оның мақсаты не болды? Физикалық дайындық жаттықтырушысы Камачо не үшін керек? Үш жекпе-жек – екі жеңіліс. Жеңілгендердің барлығы екінші раундтан бастап әлсіреп қалды. Бұл команданың шаршағанын көрсетеді", – деді маман.
Ол бұрынғы дайындық қағидаларына да тоқталып, боксшыларға шамадан тыс жүктеме түсіру олардың ұзақмерзімді мансабына әсер етуі мүмкін екенін айтты.
"Бұрын "артық жүктегеннен, сәл кем дайындаған дұрыс" дейтінбіз. Қазір боксшылар әбден қажығандай көрінеді. Мен ұзақ жиындардың қажет емес екенін көптен айтып жүрмін. Негізгі мақсат – спортшыларды бірнеше Олимпиада цикліне сақтау. Ал бізде бірде жалпы физикалық дайындық, бірде арнайы дайындық жалғасып кете береді. Нәтижесін Жапонияда көріп отырмыз. Екі мықты боксшы жарыстан шығып қалды. Бұл тек бастамасы болып жүрмесін", – деді Еділов.
Қазіргі таңда ерлер құрамасынан Азия ойындарындағы жарысты Махмұд Сабырхан, Төрехан Сабырхан, Айбек Оралбай және Нұрбек Оралбай жалғастырып жатыр.
Олардың ішінде әзірге алғашқы жекпе-жегін тек Төрехан Сабырхан өткізіп, жеңіске жетті.