Penalty.kz қосымшасыГол туралы бірінші біліңіз Ашу
Футбол
Бөлімдер

Күрестен Қазақстан әйелдер құрамасы ӘЧ-да нәтижесін жақсартты

Астанада 2026 жылғы әлем чемпионатында Қазақстанның әйелдер құрамасы бір қола медаль жеңіп алып, былтырғы нәтижесін жақсартты. 

Күрестен Қазақстан әйелдер құрамасы ӘЧ-да нәтижесін жақсартты
Instagram/@qaz_team_official

Қазақстан әлем чемпионатының медаль есебінде нешінші орында?

Әйелдер күресінен әлем біріншілігінің қорытындысы бойынша Қытай құрамасы үздік нәтиже көрсетті. Аспан асты елінің өкілдері үш алтын және екі қола медаль иеленіп, көш бастады.

Екінші орынға екі алтын, екі күміс және үш қола жүлдемен Жапония жайғасты. Ал АҚШ құрамасы екі алтын, бір күміс және үш қола медальмен үздік үштікті түйіндеді.

Әлем чемпионатының медаль есебіндегі үздік алты құрама және Қазақстанның нәтижесі:

Орын Мемлекет Алтын КүмісҚола

  1. Қытай 3 0 2
  2. Жапония 2 2 3
  3. АҚШ 2 1 3
  4. Үндістан 1 2 1
  5. Украина 1 1 1
  6. Ресей 1 0 2

... 12. Қазақстан 0 0 1

Қазақстан құрамасы бір қола медальмен Беларусь, Швеция, Румыния, Болгария және Чехия командаларымен 12-орынды бөлісті.

Ал Қырғызстан, Эквадор, Польша және Молдова құрамалары бір-бір күміс медальмен жетінші сатыға жайғасты. Моңғолия екі қоламен 11-орын алды.

Зейнеп Баянова Қазақстанға жалғыз медаль сыйлады

Қазақстан әйелдер құрамасының әлем чемпионатындағы жалғыз жүлдесін 23 жастағы Зейнеп Баянова жеңіп алды.

Батыс Қазақстан облысының өкілі 50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қола медаль иеленіп, мансабындағы маңызды жетістіктерінің бірін бағындырды.

Бұл — Зейнеп Баянованың ересектер арасындағы әлем чемпионатында алғаш рет жүлдегерлер қатарына енуі. Осылайша қазақстандық балуан өз елінде өткен әлемдік додада ұлттық құраманы жүлдесіз қалудан құтқарды.

Қазақстанның өзге балуандары қалай өнер көрсетті?

Ұлттық құраманың бас бапкері Нұрсұлтан Теміров жетекшілік ететін команда сапында бірнеше балуан жүлдеге жақындағанымен, шешуші кездесулерде жеңіліс тапты.

Атап айтқанда:

  • Айнұр Әшімова (53 кг), Лаура Алмағанбетова (55 кг) және Ирина Казюлина (68 кг) жарысты 1/8 финалда аяқтады.
  • Нилуфар Раимова (57 кг), Алтын Шағаева (59 кг) және Жәмила Бақбергенова (72 кг) жартылай финалға дейін жеткенімен, алтынға талас жолында және қола медаль үшін белдесулерде жеңілді.
  • Ирина Кузнецова (62 кг) 1/8 финалда жеңіліп, жұбаныш кезеңінде де келесі айналымға өте алмады.
  • Бейбіт Сейдуалы (65 кг) мен Гүлмарал Еркебаева (76 кг) ширек финалда жарыс жолын тоқтатты.

Нәтижесінде Қазақстанның әйелдер құрамасы он салмақ дәрежесінің тек біреуінде жүлдегерлер қатарына қосылды.

Қазақстан құрамасы өткен жылғы сәтсіздікті қайталамады

Бір қола медаль ұлттық құрама үшін аса жоғары нәтиже болмағанымен, өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда ілгерілеу бар.

Еске салайық, 2025 жылы Хорватияның Загреб қаласында өткен әлем чемпионатында Қазақстанның әйелдер құрамасы бірде-бір медаль жеңіп ала алмаған еді.

Бұл туралы не ойлайсыз?