ҚПЛ Футбол Бәрі-бір Жекпе-жек Жаңалықтар Хоккей Авто Теннис Фитнес Киберспорт Болжам Ойыннан тыс Чемпиондар лигасы
ҚПЛ ҚПЛ 26-тур

ҚФФ бірқатар клуб пен ойыншыны жауапқа тартты

Қазақстан футбол федерациясының Бақылау, тәртіптік және этикалық комитеті 2026 жылғы Премьер-лига матчтарында тіркелген бірқатар тәртіп бұзушылық бойынша шешім шығарды.

ҚФФ бірқатар клуб пен ойыншыны жауапқа тартты
kff.kz

3 қыркүйекте өткен отырыстың қорытындысында бірнеше клубқа айыппұл салынып, жекелеген футболшылар мен команда өкілдеріне жеке санкциялар қолданылды. 

"Қайсарға" бірнеше айыппұл салынды

21-турдағы "Тобыл" – "Қайсар" матчынан кейін қызылордалық клубтың дәрігері Сәкен Дүнесовке матчтың ресми тұлғасына тіл тигізгені үшін 50 АЕК айыппұл салынды. Сонымен қатар команда ойыншылары мен өкілдерінің тәртіпсіз әрекетіне байланысты "Қайсар" тағы 100 АЕК көлемінде айыппұл алды. 

"Қайсарға" бірнеше айыппұл салынды
Фото: sportarena.kz

22-турда "Қайсар" – "Ақтөбе" кездесуінде жанкүйерлердің файер жаққаны үшін клубқа тағы 100 АЕК айыппұл тағайындалды. 

"Каспий" бірнеше ереже бұзған

"Каспий" – "Елімай" матчында алаңға су себілмеуі, жанкүйерлердің түтін шашкаларын жағуы, бөгде заттар лақтыруы, бейәдеп сөздер айтуы, дрон қолдануы және ойыннан кейін жанкүйерлердің алаңға жүгіріп шығуы тіркелген. Осы бұзушылықтарға байланысты "Каспийге" айыппұл салынды. 

"Каспий" бірнеше ереже бұзған
Фото: vesti.kz

24-турдағы "Каспий" – "Тобыл" ойынынан кейін де клуб жазасыз қалмады. Көрермендерді жеткіліксіз тексеру, қосалқы ойыншыларға арналған орындықтардың, электронды ауыстыру таблосының болмауы және жанкүйерлердің алаңға шығуы үшін 100 АЕК айыппұл белгіленді. 

"Қайрат" та айыппұл арқалады

"Қайрат" – "Ұлытау" матчында демеушінің жарнамалық баннерлері орналастырылмағаны үшін алматылық клубқа 60 АЕК айыппұл салынды. 

"Қайрат" та айыппұл арқалады
Фото: nur.kz

Ал 24-турдағы "Елімай" – "Қайрат" кездесуінде бес ойыншы ескерту алып, бір футболшы алаңнан қуылды. Осыған байланысты клубқа 100 АЕК айыппұл тағайындалды. 

Сонымен қатар "Қайрат" ойыншысы Александр Широбоков қарсыласына қатысты спорттық емес әрекеті үшін екі матчқа дисквалификацияланды. Жаза мерзімі 1 қыркүйектен бастап есептеледі. 

"Ұлытау", "Ертіс", "Астана" да жазаланды

"Ұлытау" – "Жетісу" матчында жанкүйерлердің стадионға қоршау арқылы кіруі, көрермендерді тексерудің болмауы және бөгде адамдардың трибуна астындағы аймақта жүруі үшін "Ұлытауға" 100 АЕК айыппұл салынды. 

"Ертіс" – "Ақтөбе" матчында қауіпсіздік қызметтері мен жедел жәрдем өкілдерінің кешігуі, көрермендерді тексермеу және бөгде адамдардың ішкі аймақтарда жүруі секілді кемшіліктер анықталған. Соның нәтижесінде "Ертіс-Павлодарға" 100 АЕК айыппұл тағайындалды. 

"Атырау" – "Астана" кездесуінде екінші таймның үш минут кеш басталуына байланысты "Астанаға" 60 АЕК айыппұл салынды. 

ҚФФ бірнеше клубқа ескерту де жасады

"Жеңіс" – "Жетісу" матчында команданың алаңға кеш шығуына байланысты "Жеңіске" ескерту берілді. 

"Атырау" – "Оқжетпес" матчы алдында жарық болмауына байланысты қарсылас команданың жаттығуы өтпей қалған. Осы үшін "Атырауға" да ескерту жасалды. 
 

Бұл туралы не ойлайсыз?