"Фенербахче" Мбаппені сатып алмақ
Футболшының қазіргі клубымен арадағы келісімшарты осы маусым соңында аяқталады.
Францияның "Лилль" клубының жартылай қорғаушысы Этан Мбаппе мансабын Түркияда жалғастыруы мүмкін.
Инсайдер Экрем Конурдың мәліметінше, 19 жастағы футболшының өкілдері оның қызметін "Фенербахчеге" ұсынған. Дереккөздің ақпараты бойынша, "Фенербахче" қазіргі уақытта жас ойыншыларды қатарға қосу мүмкіндігін зерттеп жүр.
Бұған клубтағы легионерлер квотасының толуы себеп болған. Түркия Суперлигасының ережесіне сәйкес, 23 жасқа дейінгі шетелдік футболшылар легионерлік орынға есептелмейді. Осы фактор Этан Мбаппенің ыстамбұлдық клубқа ауысуына мүмкіндік беруі ықтимал.
Мбаппенің "Лилльмен" келісімшарты аяқталады
Этан Мбаппенің "Лилльмен" қазіргі келісімшарты маусым соңында аяқталатыны хабарланды. Ол француз клубының сапында 2024 жылдың шілдесінен бері өнер көрсетіп келеді.
Бұған дейін Этан Мбаппе "ПСЖ" клубының жастар командаларында ойнаған.
19 жастағы жартылай қорғаушы – Франция құрамасының шабуылшысы Килиан Мбаппенің інісі.
Әзірге "Фенербахче" тарапынан футболшының трансферіне қатысты ресми мәлімдеме жасалған жоқ.