Penalty.kz қосымшасыГол туралы бірінші біліңіз Ашу
Футбол
Бөлімдер

Рыбакинаның сұхбат үстінде өзін жайсыз сезінген сәті жарияланды

Қазақстандық теннисшінің WTA қорытынды турниріне қатыстпауына вирустық инфекция себеп

Рыбакинаның сұхбат үстінде өзін жайсыз сезінген сәті жарияланды
sport-express.net

Қазақстандық теннисші, әлемнің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Индиан-Уэллсте өтетін WTA қорытынды турнирі алдында сұхбат кезінде өзін жайсыз сезініп, әңгімені мерзімінен бұрын аяқтауға мәжбүр болды.

Оқиға 27 жастағы Рыбакинаның Canal+ Sport арнасының журналисі Йоанна Сакович-Костецкамен әңгімесі кезінде болған. Сұхбаттың видеосы кейін әлеуметтік желілерде тарады.

Рыбакина сұхбатты тоқтатуды сұрады

Әңгіме барысында журналист қазақстандық теннисшінің жағдайының нашарлағанын байқап, сұхбатты тоқтатуды ұсынған.

"Бәрі дұрыс па? Қаласаңыз, сұхбатты тоқтата аламыз", – деді журналист.

"Иә, өтінемін", – деп жауап берді Рыбакина.

Одан кейін журналист спортшыдан өзін нашар сезініп тұрғанын нақтылады.

"Иә, өзімді нашар сезініп тұрмын", – деді қазақстандық теннисші.

Рыбакина турнирден толықтай бас тартты

Кейін Елена Рыбакинаның WTA қорытынды турниріне қатыспайтыны белгілі болды.

WTA-ның ресми мәліметіне сәйкес, қазақстандық спортшының жарыстан шығуына вирустық инфекция себеп болған.

Рыбакинаның өзі ұзақ әрі тығыз маусымнан кейін ағзасының жарысқа толық дайын емес екенін түсіндірді. Ол енді үйде демалып, денсаулығын қалпына келтіріп, 2027 жылғы маусымға дайындыққа көңіл бөлмек.

Рыбакинаның орнына Марта Костюк шығады

Қазақстандық теннисшінің орнына турнирде украиналық Марта Костюк өнер көрсетеді.

Әлемдік рейтингте 10-орында тұрған Костюк 8 қарашада чехиялық Линда Носковамен кездеседі. Сондай-ақ бұл топта америкалық Коко Гауфф пен Джессика Пегула ойнайды.

Айта кетейік, Елена Рыбакина WTA Finals жарысына қазіргі чемпион ретінде қатысуы тиіс еді. Ол 2025 жылы Эр-Риядта өткен қорытынды турнирде жеңіске жеткен.

2026 жылғы маусымда Рыбакина 54 матчта жеңіске жетіп, 14 рет жеңілген, сондай-ақ төрт титул иеленген. Олардың қатарында Australian Open және US Open бар.

Турнирден бас тартқанына қарамастан, Елена Рыбакина мансабында алғаш рет күнтізбелік жылды әлемнің бірінші ракеткасы ретінде аяқтайды.

Бұл туралы не ойлайсыз?