Жәнібек Әлімханұлы WBO чемпионы атағына таласады
Бұған дейін WBO екі боксшының өкілдеріне жекпе-жекті ұйымдастыру жөнінде келісімге келу үшін 7 қазанға дейін уақыт берген болатын.
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 KO) Дания өкілі Якоб Банкпен (20-0, 11 KO) әлем чемпионы атағы үшін жұдырықтасады.
Кездесуде екінші орта салмақтағы WBO тұжырымы бойынша бос тұрған әлем чемпионы белбеуі сарапқа салынады.
WBO жекпе-жекті ресми растады
Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) әлеуметтік желідегі ресми парақшасында Әлімханұлы мен Банктің чемпиондық белбеу үшін кездесетінін мәлімдеді.
"Келісім жасалды! Әлімханұлы мен Банк екінші орта салмақтағы WBO тұжырымы бойынша бос тұрған әлем чемпионы белбеуі үшін жұдырықтасады. Бұл қарсыластықтан не күтуге болады?" – делінген ұйымның жазбасында.
Бұған дейін WBO екі боксшының өкілдеріне жекпе-жекті ұйымдастыру жөнінде келісімге келу үшін 7 қазанға дейін уақыт берген болатын.
Енді ұйым тараптардың келісімге келгенін ресми түрде растады.
Белбеу неге бос қалды?
Екінші орта салмақтағы WBO чемпиондық атағы британдық Хамза Шираз Жәнібек Әлімханұлымен жекпе-жек өткізуден бас тартып, белбеуді босатқаннан кейін иесіз қалды. Осылайша, қазақстандық боксшы жаңа салмақта әлем чемпионы атануға мүмкіндік алды.
Жәнібектің қарсыласы Якоб Банк кәсіпқой бокста әзірге жеңіліп көрмеген.
Даниялық боксшының еншісінде:
- 20 жеңіс;
- 11 нокаут бар.
Әлімханұлының көрсеткіші – 17 жеңіс, 12 нокаут.