Penalty.kz қосымшасыГол туралы бірінші біліңіз Ашу
Футбол
Бөлімдер

Роналдиньо қазақ баласының тұсауын кесті

Аты аңызға айналған футболшы Роналдиньо қазақстандық Ислам Әбенбаевтың бір жасар ұлының тұсауын кесті.

Роналдиньо қазақ баласының тұсауын кесті
offside.kz

Қазақтың дәстүрлі тұсаукесер рәсімі Дубайда өткен отбасылық мерекеде ұйымдастырылды. Ең қызығы – Роналдиньоны баланың өзі таңдаған.

Ислам Әбенбаев Tengri Life-қа берген сұхбатында Дубайдағы демалыс кезінде Роналдиньомен ұлының алғашқы туған күніне қатысу жөнінде келісілгенін айтты. Оның сөзінше, баланың алдына танымал спортшылар, саясаткерлер мен кәсіпкерлердің суреттері қойылған. Олардың арасында Лионель Месси, Майк Тайсон, Геннадий Головкин және өзге де әйгілі тұлғалар болған. Бала сол суреттердің ішінен Роналдиньоны таңдаған.

"Оған баланың бәрінің ішінен өзін таңдаған видеосын көрсеттік, оған бұл ұнады. Біз өз дәстүріміз бен мәдениетімізді мақтанышпен таныстырдық. Осындай деңгейдегі адамның отбасылық мерекенің бір бөлігіне айналатынын түсінгенде, алғашында сену де қиын. Біз үшін бұл үлкен қуаныш әрі мәртебе болды", – деді Ислам Әбенбаев.

Әкесінің айтуынша, бразилиялық футболшымен келісуге ақы төлеу қажет болмаған. Мереке Дубайдағы Michelin мәртебесіне ие мейрамхананың 73-қабатында өткен.

"Ол жай ғана ұлы футболшы емес. Ол миллиондаған адамға футболды жақсы көру сезімін сыйлаған тұлға. Оның таланты, харизмасы, шынайы күлкісі мен позитивті энергиясы таңғалдырады", – деді қазақстандық.

Айта кетейік, Роналду де Ассис Морейра, яғни Роналдиньо, Бразилия құрамасымен бірге 2002 жылы әлем чемпионы атанды.

2005 жылы ол "Алтын допты" жеңіп алды. Сондай-ақ "Барселона" сапында екі рет Испания чемпионы атанып, 2005/06 маусымында Чемпиондар лигасын жеңді.

2026 жылғы 15 қарашада 46 жастағы бразилиялық Италияның "Равенна" клубы сапында "Форлиге" қарсы матчқа шығып, бірінші таймда ойнады. Кездесу 2:0 есебімен аяқталды.

Бұл туралы не ойлайсыз?